Популярные сообщения

Translate

воскресенье, 5 октября 2008 г.

Арнау

Қасиетті Бабамыз Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының 150 жылдығына

Бисмилләһир рәхмәнир рахим.

Әулиелер мекені,
Атамаған ел тегін.
Баурайында Баянның,
Қызылтаудың етегін.

Қой жылының салымы,
Найзатастың бауыры.
Ұл туғанда қуанған
Шағын Күлік ауылы.

Жүгін қомдап көшінің,
Талдан иіп бесігін.
Тазалыққа ырымдап,
Жүсіп қойған есімін.

Ерте оянып санасы,
Өнерге бар таласы.
Көзге түсе бастапты,
Көпжасардың баласы.

Бес жасынан ғылымды,
Қуып діни ілімді.
«Қозы Көрпеш», «Ертарғын»
Жатқа соққан жырыңды!

Оза шауып қатардан,
Ауызымен от орған.
Мұсасынан Шорманның,
Сегізінде бата алған.



Қастерлеген жұрты шын,
Осал емес бұл кісің.
Мәшһүр атты қосақтап,
Таққызыпты үкісін.

Жақсыға орын табылар,
Деген сөздің жаны бар.
Бір асылды бір асыл,
Балағынан таныған.

Есейіпті, толыпты,
Ел танитын болыпты.
Он бес жаста құдірет,
Өлең деген қоныпты.

Содан бітіп бақ ерен,
Қарасы да ақ өлең.
Кезген қазақ даласын,
Жаяулатып, арбамен.

Нұрға бөлеп хақ жанын,
Іздемеген жоқ малын.
Көсемсөзбен өрнектеп,
Елдің халын,ахуалын.

Оймен шарлап әлемді,
Шарапатқа бөленді.
Үлгісімен Шығыстың,
Киіндірді өлеңді.

Аспады да таспады,
Қиындықта саспады.
Адалдықты ұрандап,
Жақсылыққа бастады.

Сөзін теріп естінің,
Көрмей өтті еш тыным.
Шежіре етті Үш Жүзді,
Алаламай ешбірін.
Ел мұрасын құрметтеп,
Жазды жиып тірнектеп.
Ғалымдарға кейінгі,
Өнегесі бір мектеп.

Ауызға алып Алласын,
Ұмытпады тәубасын.
Пенде болып қумады,
Дүниенің олжасын.

Қолда жоқты бар қылды,
Айлакөпті таң қалды.
Зерттеп оқыр жырларын,
Зерделі ұрпақ қалдырды.

Алла беріп өтеуін,
Елі сүйді етегін.
Тірісінде болжады,
Бұл фәниден кетерін.

Ескелдінің басында,
Дәл жетпіс үш жасында
Қош айтысты тіршілік,
Мәшһүр сынды асылға.

Қасиеттім, һас тұлға,
Тілін білген тастың да,
Тәні жатты шірімей,
Көк аспанның астында...

Алға асуда тірлігім,
Жалғасуда жыр ғұмыр.
Сол төбенің басында
Кесенесі тұр бүгін.

Айтар болсам нақ шынын,
Әулиемсің, тақсырым.
Арты жақсы болмақшы,
Алла сүйген жақсының.

Пірім сенсің жан Бабам,
Қысылғанда қолдаған.
Қабыл алғын жырымды
Бұл тойыңа арнаған.

Күндер өтсін, жыл өтсін,
Сан ғасырлар жыр етсін.
Ұрпағыңа бақ сыйлап,
Жебеп жатқын тілекшім.


Ізгі ниетпен: Мейрам Қарасартов,
Қазақстан журналистер Одағының мүшесі

Қарағанды қаласы. 10.08.2008жыл.

Комментариев нет: